Көкшетауда «қаржы пирамидасынан» сан соғып қалғандардың ақшасы қайтарылуда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда осыдан 3-4 жыл бұрын ұйымдастырылған атышулы «қаржы пирамидасынан» оңай табыс табамыз деп, сан соғып қалғандарға өтемақы төленуде.

Бұл туралы "Қазпошта" АҚ-ның Ақмола облыстық филиалының қызметкері мәлім етті.

Есімін атауды жөн көрмеген пошта қызметкерінің айтуынша, аталған қаржы пирамидасының салымшылары пошташылар жіберген ескертпе арқылы пошта торабына барып, желге ұшқан ақшаларының 20 пайызға жуығын қайтарып алып жатқан көрінеді. Бұл жерде тек өтемақы пошта арқылы ескертпе алғандарға ғана төленеді. Ал, қалған салымшыларға мекенжайлары бойынша пошта қызметінен ақшаңды алып кет деп ескертпе келгенше тосуға тура келетінге ұқсайды.

Еске сала кетсек, сол кезде «ҚазРосИнвестПроект» серіктестігін құрған Бақыт Әділова мен Маржан Мұқанова жүздеген салымшыдан өсіммен қайтарамыз деп 3 миллиард теңге ақша жинаған болатын. Кейін «Миллионерлер клубын» ұйымдастырған ол екеуі де қамауға алынып, сот алдында тиісті жазаларын алған еді. Енді олардан зардап шеккендерге "Қазпошта" АҚ арқылы келтірілген шығынның белгілі бір пайызы қайтарылуда.

Соңғы жаңалықтар