Көкшетауда қаланың құрылыс жобалары таныстырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының басшысы Мәлік Мырзалинге Көкшетау қаласының 2020 жылдарға арналған бас жоспарына сәйкес бірқатар шағын аудандардың детальдық жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Казгражданпроект» ЖШС директоры Виталий Силецкийдің сөзінше, облыс орталығы Көкшетау қаласының аумағын игеру және дамыту тұжырымдамасында «Бурабай» табиғи паркі және Зеренді курорты аймағын біріктіретін экологиялық, экономикалық және жоспарлау жүйесіне қала курорты ретінде енгізіліп отыр.

Сәулет-жоспарлау шешімінің басты идеясы ол қаланың өнеркәсіптік және шалғай аудандарының жоспарын айқындау. Облыс орталығының бас жоспарына сәйкес «Сарыарқа», «Жансая» шағын аудандары, Қылшақты өзені, Шоқан Уәлиханов көшесінің бойы, «Астана-Щучинск» және Зеренді бағытындағы шыға берісте «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін детальдық жоба дайындауға үлкен мән беріліп отыр.

Таныстырылған жобалардың ішінде Қопа көлінің айналысын абаттандырып, қазіргі заманғы сәулет құрылыс нысандарын салу қарастырылған. Өйткені, қаланың бас жоспарында да осы Қопа көлінің жағалауын заманауи үлгіде қайта жарақтандыруға көңіл бөлініп отыр. Өйткені бұл жер қаланың ең көрікті әрі демалысқа ыңғайлы жері.

Алматылық «Урбостиль» ЖШС басшысы ҚР Қала құрылысы одағының президенті Любовь Нысанбаева қаланың солтүстік бөлігіндегі жаңа шағын аудан (122 гектар) және теміржол вокзалы аумағы тәрізді екі учаскенің детальды жобасын таныстырды. Ол өз сөзінде, теміржол вокзалының маңындағы ескі жер үйлермен бірге екі қабатты ғимараттарды да ауыстыру қажеттігін айтты. Бұл нысандардың орнына жаңа балабақша, мектеп, көпсалалы кешендер тұрғызылады. Инфрақұрылым жаңартылып, сол маңдағы Қылшақты өзенінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған және велосипед жолын төсеу қарастырылған.

«Солтүстік» шағын ауданы, З.Темірбеков, М.Әуезов, В.Куйбышев, Ю.Гагарина, Б.Момышұлы, Набережная көшелерінің, Боровской шағын ауданы, №20 орта мектеп пен «Южный» тұтынушы кооперативі маңындағы аумақтың жобасы таныстырылды. Ағымдағы жылы Горький көшесінің Абай, С.Жүнісов және Әуезов көшелерімен қиылысын жаңғырту жұмыстары қолға алынады.

Жобалармен танысқан аймақ басшысы жобалаушылардың жұмысына оң бағасын берді. Жаңа Көкшетаудың жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілері үшін қолайлы логистика, коммерциялық алаңдары мен саябағы бар, инфрақұрылымы дамыған қала болуы қажеттігін айтты.

Жобалау кезінде «Смарт Сити» принципі және жаңа технологиялар мен материалдардың болуын ескертті. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мен коммерциялық мақсаттағы нысандарды салуда жергілікті құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын қолдану керектігін ескертті.

Соңғы жаңалықтар