Көкшетауда «Қ.Сәтбаев - ХХ ғасырдың ғұлама ғалымы» атты ғылыми семинар өтті (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамының ұйымдастыруымен «Қ.Сәтбаев - ХХ ғасырдың ғұлама ғалымы» атты ғылыми-практикалық семинар өтті.

А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің атсалысуымен өткен шараға ғалымдар мен жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысты.

Ғылыми-практикалық семинарды ашқан облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамының төрағасы Мейрамбек Қиықов бұндай шараны өткізудегі басты мақсат - Жезқазған өңіріндегі көптеген жер асты байлықтарының көзін ашып, еліміздің ғылымының дамуына зор үлес қосқан заңғар тұлғамыздың өмір, еңбек жолын жас ұрпаққа таныстыру, сол арқылы олардың бойында отансүйгіштік, елжандылық, интернационалдық тәрбиені сіңіру екендігін атап өтті.

Семинарда ғалымның бала кезінен бастап ержетіп есейгендегі, ғылым жолына түсіп, биіктерге көтерілген кезеңдері туралы жан-жақты ақпараттар берілді. №18 Көкшетау орта мектебінің оқушылары Нұрлан Оразбаев пен Аида Әмірханова бала Қаныштың өмірі жайында әңгімелеп берді. Бала кезінен оқуға зерек болған ол өзге балалар сияқты қалтасына асық салып ойнамай, керісінше өзен жағасында жатқан тастарды жинайды. Әкесі Имантай алғыр ұлдың болашағынан үлкен үміт күтіп, ауыл мектебін бітірген соң Павлодар қаласындағы орыс-қазақ училищесіне оқуға жібереді. Денсаулығының нашарлауына қарамастан, білімге құштар бозбала оқуын ойдағыдай бітіріп шығады.

А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Мағыпар Атығай ғалымның Томск технология институтына түсіп, оқыған кезеңі жайында айтып берсе, осы университеттің оқытушысы техника ғылымдарының кандидаты Нұржан Болатов пен Ризат Елубаев Қаныш Сәтбаевтың ғылым саласындағы еңбектері мен қоғам қайраткері ретіндегі жұмыстары жайында жан-жақты баяндады.

Шара барысында ғалымдар мен студенттерді «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамының төрғасы М.Қиықов пен облыстық жастар ісі саясаты басқармасының басшысы Р.Ғаллямов алғыс хаттармен марапаттады. Семинар соңында оған қатысушылар Қ.Сәтбаев көшесінің бойындағы ғалымның ескерткіш бюстіне гүл шоқтарын қойды.

null null null null null null null  

Соңғы жаңалықтар