Көкшетауда «Jas Aqmola» жастар сыйлығының иегерлері марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Jas Aqmola» жыл сайынғы облыстық жастар сыйлығының қорытындысы шығарылып, ең талантты да дарынды жастар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Облысымызда жастарды қолдау бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұл - ең алдымен қолжетімді және сапалы білім, жұмыстың, тұрғын үйдің болуы, отбасын құру, сондай-ақ шығармашылық деңгейін көтеру мүмкіндігі. «Болашақ», «Жасыл ел», «Мәңгілік ел жастары - индустрияға», «Серпін» сияқты бағдарламалардың жастар үшін берері мол. Жыл басынан бері 6 мыңнан астам жас жұмысқа орналасты. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 140 адам әлеуметтік жұмыс орындарына және 722 адам жастар іс-тәжірибесіне жіберілді. Осы бағдарлама бойынша қысқа мерзімді техникалық мамандықтар курсында 5 мыңға жуық жас білім алуда», - дей келе аймақ басшысы Е.Маржықпаев жыл сайын студент жастарға қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты мен шәкіртақысы берілетінін атап өтті.

Биыл 412 студент облыс әкімінің гранты мен шәкіртақысына ие болды. Бұдан бөлек, облыста 2,5 мыңнан астам орынға арналған 6 білім ұйымында студенттік жатақханалар салу бойынша дайындық жұмыстары басталды.

Шара барысында Ақмола облысының денсаулық жастар орталығының директоры Эсет Куссиева, республикалық «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы төрағасы Сағидолда Орынбек облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бұдан бөлек, «Jas Aqmola» сыйлығының «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша «Single Dream» Entertainment продюсерлік орталығы, «Жылдың жастар ұйымы» аталымы бойынша облыстық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы, «Жас толағай» аталымы бойынша бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Жастар олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан халқы жазғы спартакиадасының жеңімпазы, Нидерланды елінде өткен бокстан халықаралық турнирдің жеңімпазы Талғат Шәйкен, «Жылдың шығармашылық ұжымы» аталымы бойынша Атбасар аудандық білім бөлімі жанындағы балалар мен жасөспірімдер орталығы, «Жыл студенті» аталымы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы Көпсалалы колледж студенті Анжелика Соколова, «Жыл серпілісі» аталымы бойынша «Коргалджыно» КТК командасы, «Үздік мемлекеттік қызметші» аталымы бойынша Ақмола облыстық сотының талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы Алмас Еркібаев, «Жұмыс кәсібінің үздік маманы» аталымы бойынша «Тыныс» акционерлік қоғамының цех жұмысшысы Данияр Құсайын, «Үздік ерікті» аталымы бойынша Юлия Минец, «Үздік волонтерлік ұйым» аталымы бойынша «Ақмола жаңа толқын» қоғамдық қоры, «Жас қалам» аталымы бойынша «Kókshe» телеарнасының тілшісі Ермек Елберген, «Үздік жас отбасы» аталмыш бойынша Бижановтар отбасы, «Үздік қолөнер шебері» аталымы бойынша Ақкөлдік мүсінші, зергер Жоламан Хүрметбек марапатталды.

Сонымен қатар, «AQMOLA POWER» инновациялық идеялар және жобалар байқауының қатысушылары мен жеңімпаздары ақшалай сыйлыққа ие болды.

Соңғы жаңалықтар