Көкшетауда халықаралық комедиялық театр фестивалі өтіп жатыр

None
Фото: Ақмола облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойы мен Халықаралық театр күніне орай «СӘЛЕМ» халықаралық комедиялық театр фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында шымылдығын ашқан театр фестиваліне 9 аталым бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан театрлары қатысуда.

Фестивальдің ашылуына Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Халық артісі, театр және кино актеры, театр педагогы Тілектес Мейрамов, ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мемлекеттік театрлары басшылары кеңесінің үйлестірушісі, Әзербайжандағы өкілі Эльчин Гафарлыны, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының Өнертану факультеті деканы, өнертану кандидаты, «Театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры, театртанушы Меруерт Жақсылықова, Еуразия театр қауымдастығының Әзербайжан еліндегі өкілі Юсиф Джафаров және қоғам қайраткері, жазушы – драматург Жабал Ерғалиев қатысып, театр өнерін дамытудағы ойларымен бөлісті.


«Елімізде театр өнерінің мәдениет саласында алатын орны ерекше. Облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған фестиваль осы театрлар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, актерлердің шығармашылық шеберліктерін шыңдауға, сондай-ақ, көрнекті Мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімін ұлықтауға, театр өнеріндегі комедия жанрын дәріптеуге, жұртшылық назарын қазіргі заманғы комедия жанрына және жаңа театрлық үдеріске аударуға бағытталған», - деп атап өтті Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.


Фестиваль шымылдығы Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» «Пранк-Махаббат» комедиясымен ашылды. Бес күнге созылатын фестиваль барысында ақмолалық көрермендер Өзбекстан Республикасының мемлекеттік әскери «Тұран» театрының «Тилло табассумлар» комедиясын, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының «Сұлтанның аты сұлтан» комедиясын, Токтоболот Абдумомынов атындағы Қырғыз Мемлекеттік академиялық театрының «Алда жаш жубайлар, ай» комедиясын, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының «Айман-Шолпан» комедиясын, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының «Турандот ханшайым» комедиясын, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының «Венециялық егіздер» комедиясын, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының «Қазақы комедия» комедиясын, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Чарли Чаплин» трагикомедиясын тамашалай алады.

Айта кетсек, Наурыз Тахi көкшетаулықтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.












Соңғы жаңалықтар