Көкшетауда гендерлік саясат тақырыбы талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы бірлесіп «Саясаттағы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің принциптері» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.

Әлеуметтік саясатты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыстарын жетілдіруде гендерлік аспектілерді қолданудың кешенді тәсілдерін үйрету мақсатында ұйымдастырылған семинар-тренингке Ұлттық комиссия төрайымының орынбасарлары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен және Ұлттық комиссия мүшесі «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сәрсембаева, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламаларофисінің басшысы Наталья Зарудная, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов және аудан әкімдері мен орынбасарлары, мәслихат депутаттары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко Елбасының мемлекетімізді нығайту үшін белгіленген бес институционалды реформасын жүйелі жүргізу «гендерлік құрамдас бөлік» болып табылатын маңызды фактормен тікелей байланысты екенін атап өтті. «Әйелдер ел халқының жартысын құрайды, ал олардың мемлекеттік қызметтегі үлесі жартысынан асады (55 пайыз)», - дейді Е.Тарасенко. Сонымен қатар, ол Ұлттық комиссияның жұмысы жаңа реформалар аясында құрылғанын, және алда әйелдерді еліміздің барлық қоғамдық-саяси және экономикалық салаларына барынша тарту бойынша маңызды міндеттің де алда тұрғанын айтты. Семинар аясында Ұлттық комиссия басшыларының облыс әкімі Сергей Кулагинмен кездесіп, онда өңірдегі әйелдерді саяси ілгерілету мәселелерін талқылау жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар