Көкшетауда газ баллонының жарылуынан сақтайтын клапан құрастырылып шығарылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жоғары қысым кезінде газ баллондарының жарылысын болдырмайтын, жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз ететін реттегіш тиек арматура құрастырылып шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына сілтеме жасап.

Көкшетаудағы «Тыныс» АҚ құрастырылған реттегіш тиек арматура артық қысым жиналған кезде газ баллонының бүлінуіне және жарылуына жол бермейді. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап, мүлкіне залал келмеуін қамтамасыз етеді.

«ҚР ІІМ 2017 жылдың 9 қазанындағы № 673 «газбен жабдықтау жүйесінде қауіпсіздікті талап ету туралы» бұйрығына сәйкес газ баллондары жоғары қысым кезінде газды сыртқа шығару клапандарымен жабдықталуы керек болатын.

«Тыныс» кәсіпорнының өкілдері газ баллоны қызып немесе қысымы артқан кезде іштегі газды сыртқа шығаратын арнайы клапанды құрастырып шығарды. Жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз ететін реттегіш тиек арматурасы бар мұндай баллондарды 5 қабаттан аспайтын тұрғын үйлерде қолдануға болады», деп түсіндірді Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасындағылар.

Бұл клапандар арнайы полигондарда сынақтан өткізіліп, зерттелді. Тисті зертханалық шешім мен сертификат та бар. «Тыныс» АҚ осындай КБ-2П клапандарын, сондай-ақ, ВБ-2П баллон шығаруға толық әзір. Кәсіпорынның өндірістік қуаты Қазақстаның барлық өңірін осындай өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетеді.

Соңғы жаңалықтар