Көкшетауда есірткі сақтағаны үшін ұсталған ер адамнан қару табылды
2019 жылдың басынан бері Ақмола облысының тұрғындары жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асатын қару және оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырды. «Құқық тәртібі» шарасы жүргізу барысында полицейлер Көкшетаудың есірткі сақтағаны үшін ұсталған тұрғынынан заңсыз «Иж-26» маркалы тегіс ұңғылы мылтығын тәркіледі.
Ер адамның айтуынша, оған мылтық марқұм атасынан мұра боп қалған.
Тәркіленген мылтық зауытта жасалған, ішкі істер бөлімдерінде тіркелмеген, қылмыстық есепте де жоқ болып шықты.
«Мылтық зерттеу үшін Көкшетау қаласы полиция бөлімінің жедел қылмыстық бөліміне жіберілді. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 482-бабына («Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы») сәйкес әкімшілік материалы толтырылды», - деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.
Полицейлер заңсыз қару сақтау айыппұл салуға, тіпті қамауға алуға әкеп соқтыратынын ескертеді. Ал қару-жарақ, оқ-дәрілерді өз еркімен әкеп тапсырғандар, егер қылмысқа қатысы болмаса, жауапкершіліктен босатылады.
Айта кетейік, жыл сайын тұрғындардан заңсыз қару-жарақты сатып алу акциялары өткізіледі. Биыл Ақмола облысының тұрғындары 79 атыс қаруын тапсырған, соның үшеуі иір ойықты мылтық, 76-сы тегіс ұңғылы қару. Оларға жалпы 4 миллион 500 000 теңге өтемақы берілді.