Көкшетауда емдеу мекемелерінің үздік қызметкерлері марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Көкшетаудағы «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты жиналысқа қатысып, бір топ емдеу мекемелерінің басшыларына жаңа көліктердің кілтін тапсырды.

Өңір басшысы құттықтау сөз сөйлеп, ақ желеңді абзал жандардың халықтың денсаулығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріне жоғары баға берді.

Жылына бір келетін осы мереке жалғыз дәрігерлер қауымының ғана емес, барша халықтың көңілінде де жақсы бір қуаныш сезімін туғызатындығы айқын. Бұл жолы да облыстың медицина қызметкерлері өз кәсіптік мерекелеріне үлкен жетістіктермен келгендігі айқын байқалды. Салтанатты жиналыстың алдында облыс әкімі Сергей Кулагин бір топ емдеу мекемелерінің басшыларына 7 жаңа көліктің кілтін тапсырып, бұл игілікті шара да мереке маңызын одан сайын арттыра түсті.

Бұдан кейін өңір басшысы сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтауға сахнаға көтеріліп, ардагерлер мен барлық дәрігерлер қауымына жылы сөзін арнады.

«Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз ерлікпен пара-пар. Кәсіби жауапкершілікті өзге мәселелердің бәрінен жоғары қоятындарыңыз риза етпей қоймайды. Біздің тәуелсіз елімізде денсаулық сақтау саласы әлемдік деңгейде дамып келеді. Өңірімізде өз ісіне жан-тәнімен берілген жандар өте көп. Облыстық ауруханада республикамыздағы алғашқы инсульт орталықтарының бірі жұмыс істейді. Жыл сайын медицина саласына қомақты қаржы бөлінуде. Сондықтан сіздерге үлкен міндет жүктеліп отыр», - деген облыс әкімінің сөзі үлкен қуанышпен қарсы алынды.

Бұдан әрі өз жұмыстарында үздік жетістіктерге жеткен медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, облыс әкімінің Алғыс хаты, облыстық медицина қызметкерлері кәсіподағы комитетінің сый-сияпаты, тағы басқа да марапаттар тапсырылды. Олардың арасында әсіресе, Жақсы ауданындағы Қалмақкөл дәрігерлік амбулаторияның учаскелік терапевт дәрігері Камиля Қасенова ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты жиын соңы жергілікті өнерпаздардың орындауындағы мерекелік концертке ұласты.

Соңғы жаңалықтар