Көкшетауда «ЭКСПО-2017» көрмесіне билет сататын касса ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласындағы «РИО» сауда ойын-сауық орталығында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне билеттер сататын ресми касса ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Аталмыш көрме кассирі Әйгерім Бекмағамбетованың айтуынша, көкшетаулықтарға «ЭКСПО-2017» көрмесіне билетті алысқа бармай-ақ, осы жерден сатып алуына мүмкіндік туып отыр.

«Касса ақмолалықтарға ағымдағы жылдың 8 наурызынан бастап, 10 қыркүйекке дейін демалыссыз жұмыс істейтін болады. ҰОС ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жетімдер көрмеге тегін бара алады. Ал, мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер және көпбалалы отбасыларға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Осындай кассалар Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларында да ашылды. 12 наурызда Шымкент, Тараз, Талдықорған, Қызылорда қалаларында, 25 наурызға дейін еліміздің барлық өңірлерінде ашу жоспарланған», деді Әйгерім Бекмағамбетова.

Айта кету керек, «ЭКСПО-2017» билеттерін ресми билет сайтынан,  «Меломан» дүкендер желісі және «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінен сатып алуға болады.

Соңғы жаңалықтар