Көкшетауда «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған «AKMOLA POWER» инновациялық жобалар байқауы өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған «AKMOLA POWER» атты инновациялық жобалар мен идеялардың облыстық байқауы өтті.

Облыстық әкімдіктің мұрындық болуымен жүзеге асырылып отырған аталмыш шараны ұйымдастыруға «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы, «Education Invest» қоғамдық қоры, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жанындағы жастар ресурстық орталығы, «Астана «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Жасыл экономика және G-Global дамуы үшін» коалициясы атсалысты.

Жастардың ғылыми әлеуеті мен шығармашылық белсенділігін дамытуға бағытталған бұл байқау еліміздің «жасыл» экономикаға көшу бағытындағы қарышты қадамдардың бірі болады деп күтіліп отыр. Себебі қатысушылардың барлығы да тың идеяларымен ерекшеленеді. Елбасы Жолдауында айтылған заманауи ғылымды коммерцияландыру да осы жобалардан бастау алатын сияқты. Аталмыш байқау озық технологиялық жобаларды түрлі кәсіпорындар мен шаруашылық жүргізуші субъектілерге, ең бастысы, өндіріске тікелей енгізуге қолдау көрсету мақсатын көздеп отыр. Байқаудан үздік атанған жобалар республикалық деңгейде ұйымдастырылатын «Ғылым және бизнес» көрмесі мен иннновациялық жобалар мен идеялардың халықаралық байқауына қатысуға мүмкіндік алатын болады. Жас ғалымдар мен тың идеялардың бұл тартысты додасының ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков еліміздің ертеңін бүгінгіден шуақты ететін, мемлекетімізді экономикасы қарқынды дамыған алғашқы отыздыққа енгізетін негізгі күштің бүгінгі жас буын екендігін айта келе, өңір атқамінерлерінің жастардың мұндай оң бастамаларын қолдауға қашанда дайын екендіктерін жеткізді.

Ал шара ұйымдастырушыларының бірі «Education Invest» қоғамдық қорының төрайымы Мәриям Әбішева байқаудың іріктеу кезеңіне экологиялық, энергетикалық, инженерлік-құрылыс, ақпараттық-коммуникативтік, агро-инженерлік және ауыл шаруашылығы бағыттарында жасалған 240 жобаның келіп түскендігін, оның ішінен үздік деп танылған 43-інің бүгінгі сайысқа қатыстырылып отырғандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, шара қорытындысы бойынша каталог шығарылып, облыстың инновациялық жобалары мен идеяларының арнайы базасы жасалмақшы.

Аталмыш жобаларды бағалау үшін құрамына Көкшетау қалалық мәслихатының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ақмола облыстық филиалының, облыстық экология департаменті мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм, білім басқармаларының өкілдері кіретін ғылыми-техникалық кеңес құрылған. Осы кеңес мүшелерінің ұсыныстарын алған инновациялық идеялар мен жобалар дербес базаға тіркеліп, өндіріске енгізуге қолдау көрсету және қаржыландыру көздерін іздестіру үшін тиісті ведомстволарға жолданатын болады.

Соңғы жаңалықтар