Көкшетауда екі ғимаратқа бомба қойылғаны туралы хабар түскен

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда сот ғимаратына «жарылғыш зат» қойған адам іздестірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, маусымның 28-інде полицияға қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық облыстық сотының әкімшілік ғимаратын (Потанин көшесі, 47) күзетуді қамтамасыз ететін Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері хабарласып, сағат 09:00-де хатшының электрондық мекенжайына ғимаратқа жарылғыш зат қойылғандығы туралы хат келіп түскендігін айтты. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы бағытталды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері әкімшілік ғимарат пен оған іргелес аумақты қоршап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Ғимаратта болған 50-ге жуық қызметкерді эвакуациялады.

«Полиция департаментінің жарылғыш заттарды залалсыздандыратын мамандары мен кинологтер сот ғимаратын тексеріп шықты. Нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ. Сонымен қатар, сағат 09:10 шамасында полицияға Көкшетау қалалық (Сәтпаев көшесі 8) соттының ғимаратына жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабар түсті. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде жарылғыш зат онда да табылған жоқ. Қалалық сот ғимаратынан 50-55 адам эвакуацияланды. Қазіргі кезде полиция жалған сөйлеген адамды анықтап жатыр. Бұл ақпарат сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Атбасарда өзен жағасынан әйелдің бөлшектелген денесі табылғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар