Көкшетауда дүкенді тонап, сатушысын алып кеткен күдікті ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда дүкенді тонап, сатушысын қорқытып, алып кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 28 маусымында Көкшетау қалалық ІІБ кезекшілік бөліміне Красный Яр елді мекенінің тұрғыны хабарласып, белгісіз ер адамның ауылдағы азық-түлік сататын дүкеннен 60 мың теңге ақшаны ұрлап кеткенін айтқан.
Оған қоса, ұры 1983 жылғы дүкеншіні өзімен бірге ала кеткен. Бұл туралы полицияға дүкеншінің күйеуі хабарлаған.

Оқиға орнына дереу жеткен жедел-тергеу тобы куәгерлерден түсініктеме алып, бейнебақылау камераларындағы жазбаны, бұрын осындай қылмысы үшін сотты болған адамдарды тексерді. Полицейлер ұры дүкеншіні жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырып отыр деген күдікпен Көкшетаудағы осындай пәтерлердің барлығын тінтіп шықты. Нәтижесінде күдікті маусымның 29 күні облыс орталығындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып отырған жерінде қолға түсті.

«Қазіргі кезде, зардап шегуші әйел үйіне жеткізілді. Ал, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылып, үстінен ҚР ҚК 191 бабының 2 бөлімі (ұрлық) және ҚР ҚК 121 бабының 1 бөлімі (адам ұрлау) бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды», деп көрсетілген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар