Көкшетауда бойжеткенді көшеде зорлап, телефонын тартып алған күдікті ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда бойжеткенді көшеде пышақпен қорқытып, зорлап, ұялы телефонын тартып алып кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Көкшетау қалалық полициясының кезекші бөліміне 20 жастағы бойжеткеннен арыз түскен. Арызданушының сөзінше, 2020 жылғы қыркүйектің 29-да таңғы сағат 07:30 шамасында Жамбыл және Садуақасов көшелерінің қиылысында белгісіз ер адам оны пышақпен қорқытып, зорлаған, кейін «Самсунг» ұялы телефонын тартып алып, кетіп қалған.

«Осы іс бойынша облыстық ПД жеке құрамы мен күштері жедел-іздестіру шарасын қолға алды. Қылмыс жасалған аумақтағы бейнебақылау камералары қаралды, сондай-ақ, жәбірленушілердің сипаттамасы бойынша ұқсас полиция есебінде тұрған 26 адам тексерілді» дейді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметі атап өткендей, жедел-іздестіру шарасы барысында қазанның 14-де Зеренді ауданындағы ауылдардың бірінен 30 жастағы күдікті анықталып, ұсталды.

Күдікті өз кінәсін толық мойындады.

«Қазіргі кезде күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі «Зорлау» және 192-бабының 2-бөлігі «Қарақшылық» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде» деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар