Көкшетауда «Біржан сал» жинағы шығады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Сал-серілер» сериясының екінші кітабы «Біржан сал» жинағы шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрмек. Оның құрастырушысы - жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев.

«Сал-серілер» сериясы 5 кітаптан тұрады. Оның біріншісі - «Ақан сері» жинағы өткен жылы шықты. «Біржан сал» жинағына Біржан салдың өлеңдері, айтыстары топтастырылып берілмек. Одан кейінгілері: үшіншісі - Үкілі Ыбырай, төртіншісі - Балуан Шолақ және бесіншісі - Иманжүсіп Кұтпанұлының шығармашылығына арналады.

«Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің тапсыруымен және қолдауымен «Сал-серілер» кітапханасы сериясымен Көкшетау мен Қараөткел өңірлерінің сал-серілерінің мұраларын жинақтап, кітап шығаруды қолға алдық. Сал-сері - дәстүрлі қазақ қоғамында ерекше өнерпаздықпен байланысты ұғым. Ел аузында сал мен серінің киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, өзіндік мінезі туралы аңыз көп. Әйгілі Ақан сері мен Біржан салдың тарихтағы орны бір бөлек. Тарихқа көз жүгіртсек, сал-серілер біздің облысымыздың аумағында өмір сүрген. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз - бабаларымыздың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу.

Ақан серіні қазақ даласының театры деуге болады. Ол туралы біраз кітаптар басылып шығарылды. Мәселен, жерлесіміз Сәкен Жүнісов «Ақан сері» трилогиясын, Ғабит Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты» драмасын жазды. Алайда, Ақан серінің шығармашылығы әлі толық зерттелген жоқ. Біз бұл жолы Ақан серінің өлеңдері мен айтыста айтқан сөздері және ол туралы жазылған мақалаларды қамтып отырмыз. Оның ішінде негізінен сонау 20 жылдары жарық көрген Мағжан Жұмабаевтың еңбектері алынып отыр. Ақан серінің өмір жолы мен шығармашылығын терең зерттеп, көрсете білген осы Мағжан Жұмабаев», - дейді Жабал Ерғалиев.

Еске сала кетейік, өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Ақан сері» жинағынан бөлек, академик, батыр әрі ғалым Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығы, «Мәлік Ғабдуллин - қазақтың Оқжетпесі», «Жер жәннаты-Ақмола» фотоальбомдары, Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманайы» Лондонда ағылшын тілінде, Қадыржан Әбуовтің кітаптары жəне Жабал Ерғалиевтің «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты кітабы басылып шықты. Сонымен қатар, «Жер жәннаты - AQMOLA» жинағы да жарық көрген болатын.

Соңғы жаңалықтар