Көкшетауда бір мектептің 80 оқушысы ауырып қалды: Білім басқармасы ақпарат берді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова Көкшетауда 80 оқушының «инфекция жұқтыруына» қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, аталмыш жағдай 7 қараша күні Көкшетау қалалық №2 орта мектеп лицейінде тіркелген.

«2019 жылғы 7 қарашада Көкшетау қалалық №2 орта мектеп лицейінің 80 оқушысы бас ауруы және жүрек айнуы шағымымен сабаққа келмегені туралы ақпарат түсті. Мектепте барлығы 2 174 оқушы оқиды.

Көкшетау қалалық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес, ауруханаға тек бір оқушы жүгінген, дәрігерлер «Энтеровирусты инфекция» диагнозын қойған. Аталған дерек бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметі мектептің 2-ші ауысым оқушыларын тексеріп, мектеп асханасында су, ауа, шайындылар сынамасын алды. Тексеру нәтижелері қосымша жолданатын болады.

Бүгін 2019 жылғы 8 қарашада мектепте сабақ жалғасуда, денсаулық жағдайын алға тартқан балалар медициналық тексеруден кейін оқуын жалғастыратын болады», деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісінің сауалына Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова.

Ал, Ақмола облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл туралы әзірге ешқандай да мәлімет берген жоқ.

Еске сала кетейік, республикалық БАҚ пен әлеуметтік желілерде қарашаның 7-де Көкшетауда 80 оқушының белгісіз инфекция жұқтырғаны туралы ақпарат тараған еді. Желіде тараған мәліметтерде, оқушылардың барлығында бас айналу, құсу және асқазақн ішек құрылысың бұзылуының белгілері байқалған.

Соңғы жаңалықтар