Көкшетауда балаларға ЖҚЕ түсіндіру мақсатында веложарыс ұйымдастырылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда балаларға жол қозғалысы ережесін түсіндіру бойынша веложарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Көкшетауда «Абайлаңыз, балалар!» республикалық акциясының қорытындысы шығарылды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы маңында орналасқан автодром аумағында ұйымдастырылған шараға бес мектептің әр біреуінен төрт оқушыдан қатысты. Балаларға жол қозғалысы ережесі түсіндіріліп, нұсқама жасалды.

«Балалар жол қозғалысы ережесін ұмытып қалмау үшін жиі-жиі осындай шараларды ұйымдастырып  тұрамыз. Веложарысқа қатысқан балалар көшеде велосипедпен қауіпсіз жүру туралы көп тәжірибе жинақтап қана қоймай, көңілдерін де көтерді», - дейді Көкшетау қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полицияның учаскелік инспекторы, аға полиция лейтенанты Назира Тұрсынбаева.

Веложарыс қорытындысы бойынша №10 орта мектептің оқушысы Дмитрий Сениковский 1-ші орын, №16 орта мектептің оқушысы Вячеслав Ахметов 2-ші және №12 орта мектептің оқушысы Нұрбек Әбішев 3-ші орын алды. Жалпы, шараға қатысқан барлық оқушыларға арнайы грамоталар мен естелік сыйлықтар үлестірілді.

Еске сала кетейік, жалпы, акция барысында 49 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы мен мектепке дейінгі мекемелердегі жоғары топтағы балалар, 16 мыңға жуық ата-ана,  3 мыңнан астам педагогтың қатысуымен 1 955 жуық жол қозғалысы ережесі қауіпсіздігін сақтау, лекция сияқты түрлі шара ұйымдастырылды. 

Соңғы жаңалықтар