Көкшетауда балабақша кезегінде кімдерге жеңілдіктер қарастырылған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаулықтарға балаларын балабақша кезегіне қоюдың ерекшеліктері түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетау қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі мекемелерге балаларды орналастыру мәселелері бойынша әдіскері Әлия Өмірзақованың айтуынша, қазіргі уақытта балабақшаға орналастыру кезегі баланың туған жылы бойынша бірыңғай қалалық кезекке енгізілген. Кезектегі өтінімдер кезекке қойған күні бойынша ретімен орналасқан.

«Аkmola.kz ақпараттық жүйесі өтінім білдірушілерге кезекке тұруға, енгізілген өтінімдерді өзгертуге, мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаны таңдауға мүмкіндік береді» - дейді Әлия Өмірзақова.

Сонымен қатар, аталған жүйеде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Жеңілдігі бар азаматтарға кезектен тыс орын алатын, мәселен, әскери қызметшілердің балаларын жатқызуға болады.

Бұдан бөлек, бірінші кезектегі - заңды өкілдері мүгедек, ата-анасының қамқорлығынан айырылғандар, жетімдер, көпбалалы отбасыдан шыққан және ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да жеңілдік қарастырылған.

«Өтінім білдіруші кезектің келгені жөнінде ескерту алған соң балабақшаны таңдап, жолдама алуы тиіс. Егер үш күн ішінде жолдаманы алмаса, бұл орын барлық кезектегі азаматтар үшін қолжетімді болады. Бірақ жолдама алмаған өтінім білдіруші кезекте қала береді» - дейді Әлия Өмірзақова.

Ведомствоның мәліметінше, ата-ана жолдама алған соң 5 жұмыс күні ішінде балабақшаға келмесе, аталған жолдама автоматты түрде жойылып, бала 10 жұмыс күніне тоқтатым-параққа жіберіледі. Тоқтатым-парақта тұрған уақыт ішінде басқа жолдама алу мүмкіндігіне шек қойылады. Егер өтінім білдіруші берілген жолдаманың мерзімін 2 рет жіберіп алса, онда бала автоматты түрде кезектен шығарылады. Барлық қосымша сұрақтар бойынша қолдау көрсету қызметіне хабарласуға болады (87162252986).

 

Соңғы жаңалықтар