Көкшетауда ажарлы да базарлы жәрмеңке өтуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласындағы «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында Астрахан, Егіндікөл, Еңбекшілдер аудандары мен облыс орталығы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің Наурыз мейрамына арналған азық-түлік жәрмеңкесі өтуде.

Жылда бір айналып келетін мұндай мерекелердің сәні мен мәні халықтың тоқшылығында да жатыр. Биылғы жылқы жылы азық-түлік бағасы тым көтерілмеуін тілейтін көпшіліктің осындай жәрмеңкелерден арзан бағамен өздеріне қажетті азық-түлік өнімдерін сатып алып, бір жасап қалатыны анық.

Осы тұрғыдан Көкшетаудағы азық-түлік бағасы қазір Астана, Алматы сияқты ірі қалалардың базар бағаларымен тайталасып тұр десек, жалған айтпағандаймыз. Соңғы кезде облыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бүгінгідей жәрмеңкелер қолдан келгенше жиі ұйымдастырылуда.

Бұл жолы жәрмеңкеге 11,4 тонна ет және ет өнімдері, 2,5 тонна сүт және сүт өнімдері, 7 тонна ұн, 1 тонна картоп 0,8 тонна көкөніс, 1 тонна тауық етінің өнімдері, 1,1 мың литр күнбағыс майы әкелінді. Жәрмеңкеде жалпы құны 15,1 млн теңгеге 34,6 тонна азық-түлік өнімі тұрғындарға едәуір арзан бағамен сатылуда.

«Делдалсыз жеткізілген азық-түлік бағасы базардағы саудагерлер бағасынан 20-30 пайызға төмен болғандықтан, бұл бізге кәдімгідей қолайлы болды», дейді тұрғындар.

Ажарлы да базарлы жәрмеңкеге жұрт легі таңертеңнен бір толастамауының сыры осыдан-ақ байқала түскендей. Жәрмеңке барысымен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Рәшит Әкімов әлеуметтік мәні зор азық-түлік өнімдері әдеттегіден төмен бағасының болуымен бірге, тауар сапасына да баса назар аударды.

Жәрмеңке барысында аудандар мен Көкшетау қаласы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы да ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар