Көкшетауда азаматтық қоғамды дамыту бойынша форум өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. КазАқпарат - Көкшетауда «Мәслихаттар және қоғамдық Кеңестер: азаматтық қоғамды тиімді дамыту жолында» атты форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы, облыстық қоғамдық Кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдиннің төрағалығымен өткен форум жұмысына барлық деңгейдегі мәслихаттардың хатшылары мен депутаттары және барлық деңгейдегі қоғамдық Кеңестердің төрағалары мен мүшелері қатысты. 

Д.Нұрмолдин өз сөзінде бүгінде облыстың барлық өңірлерінде екі жарым жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық Кеңестер бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге қомақты үлес қосып отырғанын атап көрсетті. Мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерін қарастырумен бірге, көпшілікті толғандырған өзекті мәселелер де осы Кеңестерде талқыланады.

Форумда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, кейінгі кезде өмірге келген осы қоғамдық институттың атқарып келе жатқан жұмысына оң баға берді және оның алда да ізденісті қадамдарға баратынына сенім білдірді. 

Ал, Қоғамдық келісім министрлігі азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жөніндегі басқармасының басшысы Гүлбара Сұлтанова азаматтық қоғамды тиімді дамытуда қоғамдық Кеңестердің алатын орнына тоқталды. 
   
Форумның пленарлық мәжілісінде сондай-ақ, Шортанды аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Төкен Қизаева қоғамдық Кеңес институтының өңір өміріне игі ықпалы, «Тасумар» серіктестігінің бас директоры, Астрахан аудандық мәслихатының депутаты Анатолий Мальков жастарға патриоттық тәрбие беру, «Sara» қоғамдық қорының басшысы Сара Баймағанбетова үкіметтік емес ұйымдардың облыстың қоғамдық Кеңестерімен өзара іс-қимылы, Ақкөл аудандық мәслихатының хатшысы, аудандық қоғамдық Кеңестің төрайымы Жұлдызай Салыбекова аудандық мәслихаттың және қоғамдық Кеңестің тұрғындармен жұмыс тәжірибесі туралы сөз сөйлеп, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Форумда ашық микрофон жұмыс істеп, қатысушылар еркін пікір алмасты. Сонымен бірге, бірқатар белсенді депутаттар мен қоғамдық Кеңес мүшелерін марапаттау рәсімі болып өтті. 

Бұдан кейін форумның жұмыс қорытындысы шығарылып, аталған шара семинар-тренинг түрінде одан әрі жалғасын тапты. Әр деңгейдегі депутаттармен және қоғамдық Кеңестердің мүшелерімен екі бөлек өткізілген бұл шараларға «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева және Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев жетекшілік етті.

«Депутаттар мен қоғамдық кеңестер атқарушы билікпен өзара бірлесе жұмыс істеуі қажет. Өйткені олардың алдында тұрған міндеттер бір бірімен тығыз байланысқан. Сонда ғана халықтың әл ауақтын көтеретін боламыз», - деді форум жұмысын қорытындылаған Д.Нұрмолдин.

Соңғы жаңалықтар