Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникаларына арналған сервистік орталық ашылады

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Келер жылы Көкшетау қаласында ауыл шаруашылығы техникаларына арналған сервистік орталық ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау қаласында 2020 жылы ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет сату және қызмет көрсету сервистік орталығының құрылысы аяқталады. Аталмыш жоба Индустрияландыру картасына енгізіліп отыр. Жобаның құны 2,6 миллиард теңгені құрайды. Нысан іске қосылған кезде жаңа 136 жұмыс орны ашылатын болады», - деді Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев «2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2019 жылдың негізгі міндеттері туралы» халық алдында есеп беру кездесуінде.

Сонымен қатар, қала әкімі атап өткендей Көкшетау қаласында Индустрияландыру картасы шеңберінде құны 2 миллиард 203 миллион теңге «Вектор комбайн зауыты» ЖШС жобасы жүзеге асырылуда. Мұнда 96 жұмыс орны ашылатын болатын. Жоба екі кезеңге жоспарланған. Бірінші кезеңі өткен жылы аяқталды. Ал екінші кезеңін аяқтау келер жылға жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек жұмыс істеп тұрған «ENKI», «Новопэк», «Натур продукт» серіктестіктері тәрізді кәсіпорындарды жаңғырту көзделген. «Гормолзавод» зауытында шикізат өндірісі бойынша жаңа желі іске қосылды. 2019 жылы құрғақ сүт өндіретін цех ашу жоспарда бар.

Соңғы жаңалықтар