Көкшетауда әріптесін өлтірген полицейге қатысы тергеу өндірісі аяқталды

None
None
КӨКШЕТАУ.ҚазАқпарат - Көкшетауда әріптесін аюандықпен өлтіргені үшін айыпталып отырған бұрынғы полиция майоры Жәнібек Баймұрзинге қатысты тергеу өндірісі аяқталып, қылмыстық іс материалдары күдікті мен оның қорғаушысына танысу үшін жолданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан бұрын хабарланғанымыздай, Көкшетау қалалық сотының 2017 жылғы 10 ақпандағы қаулысына сәйкес, Баймұрзинге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 27 наурызға дейін ұзартылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқан болатын. Жақында күдіктіге қатысты тергеу өндірісі аяқталып, қылмыстық іс материалдары күдікті мен оның қорғаушысына танысу үшін жолданып отыр.

«Тергеу өндірісі аяқталды. Қазіргі кезде аталған қылмыстық іс материалдары күдікті мен оның қорғаушысына танысу үшін жолданды. Күдікті қамауда ұстау мерзімі оның аталған қылмыстық іспен танысу мерзімімен анықталатын болады. Содан кейін ғана барып, іс сотқа жолданады», деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 25 желтоқсан күні Көкшетау қалалық ІІБ қызметкері, аға лейтенант Дархан Еламанов кезекшіліктен шыққан соң, ізім-қайым жоғалып кетеді. Кейін Дарханды жабылып іздеген жақындары мен облыстық ІІД қызметкерлері бірер күннен кейін оның мүрдесін қала шетіндегі Кенесары ауылының маңынан табады. Күдіктіні ұстау үшін полицейлер марқұмның ұялы телефонын тексеріп, соңғы рет кімдермен сөйлескенін анықтайды. Кейін 26 желтоқсанда Ақмола облыстық ІІД қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында 2016 жылдың 25 желтоқсанында жоғалып кеткен аға лейтенант Дархан Еламановты өлтірді деген күдік бойынша полиция қызметкері 32 жастағы майор Жәнібек Баймұрзинді ұстайды. Сол кезде күдіктінің берген түсініктемелеріне қарағанда, ол бұл қылмысқа  жек көруден барған көрінеді.

Осылайша, күдікті екі айға уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, үстінен ҚР ҚК «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі өндірістік іс қозғалады.  Кейін Көкшетау қалалық сотының 2017 жылғы 10 ақпандағы қаулысына сәйкес, Баймұрзинге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 27 наурызға дейін ұзартылады. Қазіргі кезде күдіктіге қатысты тергеу өндірісі аяқталып, қылмыстық іс материалдары күдікті мен оның қорғаушысына танысу үшін жолданып отыр.

Соңғы жаңалықтар