Көкшетауда «Ана үйінде» тұратын әйелдер медициналық маска тігуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетаудағы «Аналар үйінде» тұрып жатқан аналар дәкеден медициналық маска тігуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ана үйі» үйлестірушісі көпбалалы ана Құралай Жұмабекованың айтуынша, дәкеден медициналық маска тігумен тағдыр тәлкегіне түскен алты ана айналысуда.

«Маска тігеміз деп мүлде ойлаған жоқпыз. Мектепте мұғалімдер балаларымнан маска әкелуді талап етті. Ол дәріханаларда болмаған соң өзіме қолмен тігуге турал келді. Кейін сұраныс түсе бастады. Осылайша, Ана үйіндегі алты ана жаппай тіге бастады.», - дейді Құралай Жұмабекова.

Оның айтуынша, бүгінгі күні 600 масканы обыс орталығындағы әлеуметтік мекемелер мен жеке адамдар сатып алған.

«Маска тігуді қолға алмас бұрын ТЖД-дан масканың стандартын алдық. Алты қабат дәкеден тұратын масканы бірнеше рет қолдануға болады. Бүгінгі күнге дейін қаладағы әлеуметтік мекемелер мен жеке адамдарға 600 масканы саттық. Мұндағы бір масканың құны 120 теңге. Тағы 3 мың маскаға сұраныс түсті, әлі де сұраныс түсуде. Өзіміз үлгермейтін болғандықтан, үйде бала күтумен отырған аналарды жалдадық. Бұдан бөлек, дәкені қиып көмектесіп отыруға 50 еріктіні жалдадық», - деп толықтырды Құралай Жұмабекова.


Оның сөзінше, қолдан тігілген масканы сатып алған адам өзін вирустан қорғап қана қоймайды, «Ана үйінде» тұрып жатқан ана мен балаға қолдау көрсетпекші.

Айта кетейік, Көкшетау қаласында тұратын «Күміс алқа» иегері Құралай Жұмабекова туған балаларына ғана емес, өзгенің балаларына да жетерліктей аналық махаббатқа толы үлкен жүрек иесі. Алты баланы дүниеге әкеліп, тағы бес баланы бауырына басқан ол қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласуда.



Соңғы жаңалықтар