Көкшетауда алкогольдік өнімдердің лицензиясыз сатылғаны анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың сауда орталығында алкогольдік өнімдердің лицензиясыз сатылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметіше, Көкшетаудағы «Жеке батыр» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында жүргізілген тексеріс кезінде өңірдің мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері сауда нүктесін келісім-шарт арқылы жалдап отырған кәсіпкер әйелдің тиісті лицензиясыз алкогольдік өнімдерді сақтап, саудалағаны анықталды.

«Бұл этиль спирті мен алкогольдік өнімдердің айналымы және өндірісін мемлекеттік реттеу туралы» заңының 9-бабының 3-бөлігі бойынша заңбұзушылық болып табылады. Тексеріс кезінде 390 шөлмек сыра, оның 293 қаңылтыр қалбырда, 59 шөлмек арақ, 36 шөлмек коньяк, 2 бөтелке вино анықталды», - дейді ведомстводан.

Өңірдің мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, тексеріс кезінде кәсіпкер әйелдің жолдасы қарсылық көрсетіп, полицияның көмегіне жүгінуге тура келді.

«Осы оқиғаға байланысты әкімшілік іс материалдары жасалып, алкогольдік өнімдер тәркіленді», - деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар