Көкшетауда әлем чемпионын өлтіргендер сотталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда пауэрлифтингтен әлем чемпионы Евгений Галузинскийді өлтіргендер сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 27 шілдесінде алқа билердің қатысуымен өткен сот процесінде төрт айыпталушының бірі Доспаев ҚР ҚК 99-бап бойынша  (адам өлтіру) кінəлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған қоса, ол зардап шегуші жаққа 2 миллион теңге моральдық шығынды өтейтін болды. Ал қалған тағы екі айыпталушы бұзақылық жасағаны үшін алдағы  2 жылын темір тордың ар жағында өткізеді жəне әрбіреуі 300 мың теңгеден моральдық шығынды өтейді. Төртінші күдікті кінəссіз деп танылды. Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Еске салай кетейік, осыған дейін танымал спортшы пауэрлифтингтен әлем чемпионы Евгений Галузинскийдің бұзақылардың қолынан қаза болғаны туралы ақпарат жариялаған болатынбыз.

Полицейлердің мәліметі бойынша қайғылы оқиға  ағымдағы жылдың 14 наурызында, түнгі 03:00-дерде Көкшетау қаласындағы автоқалашық шағынауданында орын алған. Досымен бірге үйіне бара жатқан 25 жастағы спортшыны бір топ жас жігіт тоқтатады. Араққа сылқия тойып алған жігіттермен бірден сөзге келіп, олардың арасында төбелес шығады. Бес жігіт Евгений мен оның досын соққыға жығады.  Досы қаскөйлерден сытылып шығып, сол маңдағы «Рома» дүкеніне көмек шақыруға жүгіреді. Осы кезде бұзақылардың бірі спортшыға бірнеше жерден пышақ сұғып үлгереді. Алған ауыр жарақаттан Евгений көп ұзамай  көз жұмған.

Оқиға орнына дереу жеткен полицейлер аталған дүкендегі бейне жазбаны тексеріп, көп ұзатпай күдіктілерді қолға түсіреді. Күдіктілер - 1997-1999 жылғы студенттер. Оның арасында 1999 жылғы күдікті  қылмысын мойнына алып, үстінен ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлімі бойынша  (адам өлтіру) сотқа дейінгі іс қозғалды. Ал, қалған күдіктілерге қатысты келіп, тіркеліп отыру шарасы қолданылып, ҚР ҚК 293 -бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізілген болатын.

Соңғы жаңалықтар