Көкшетауда «Ақан сері» романының аудиокітабы жарыққа шықты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романының желісі бойынша жазылған аудиокітап таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Жобаны Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі және «El Jastar» театры жүзеге асырды.

Бұл бастаманың мақсаты — қазақстандықтардың жаңа буынын патриоттыққа тәрбиелеу, отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру.

Іс-шараға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшылығы, БАҚ, мәдениет, қоғам өкілдері және қаланың студент жастары қатысты.

«Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудағы жаңа тәсілдерді қолдану, шығармашылық және тиімді жобаларды жасау кезеңі қарқындап келеді. Осыған байланысты біз әрқашан бастамашыл жастарды қолдаймыз», - деп атап өтті облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова.

Аудиокітапты жазуға шамамен 4 апта уақыт кетті. Аудиокітап «жанды дауыспен» оқу арқылы «Zhakondra Films» студиясында «El Jastar» театрының актерлері жазды.

«Аудиокітапта романның қызықты үзінділері топтастырылған. Біздің басты мақсатымыз - жастарды осы жұмысқа қызықтыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру болып келеді» - дейді Өңірлік жобалық кеңсенің басшысы Қайрат Сейтқазин.

Қазіргі уақытта Е.Мырзахметовтың «Медет» кітабының желісі бойынша жазба жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, Ақмола облысы ақын-жазушыларының шығармалары негізінде тағы да 9 аудиокітап шығару жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар