Көкшетауда ағартушылық ғұмыры 540 жылды құрайтын әулет ұлттық байқау жеңімпазы атанды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Мерейлі отбасы» отбасылық ұлттық байқауы өтіп, онда ұлттық мәдениетіміз бен толайы тарихымызды сақтап, салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан отбасыларға сый-құрмет көрсетілді.

Бүгінгі күні облыста 4663 көп балалы отбасы бар, 8191 көп балалы ана тіркелген. Олардың ішінде 2938-і «Алтын алқа» иегерлері, ал «Күміс алқа» 3970 анаға тиесілі. Сондай-ақ 591 әйел «Қаһарман ана» атағына лайық деп танылған. Одан басқа өңірімізде І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған нәзік жандылар бар, олардың саны 692-ге жетеді.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан бастап қолға алынған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылуда. Бұл өңірде байқау алғашқы рет өткізіліп отыр.

Облыстық әкімдік пен облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен өткен бұл жолғы ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Ақкөл ауданынан қатысқан Мұқашевтар отбасы жеңімпаз атанды. Осынау шараға қатысқан облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов Мұқашевтар отбасына шипажайға жолдаманы табыс етіп, аталған байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан жүлдегерлерді марапаттады. Енді олар республикалық байқауда облыстың мерейін үстем етпек.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей Мұқашев Ешмұқан Мұқашұлының сегіз перзентінің бесеуі әке жолын қуып, ұстаздықты таңдапты. Бұл әулеттің ағартушылық жолындағы ғұмыры 540 жылды құрайды екен.

Екінші және үшінші жүлделі орындарға ие болған Батырхановтар мен Колесниктер отбасылары үй кинотеатрына ие болды. Бүркітбай Мәсіпұлы Батырханов кешегі өткен сұрапыл соғыстың куәгері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, бүгінде оның ұрпағы ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Ал Николай Колесник Егіндікөл ауданында еңбек етіп, ғұмыр бойы тракторшы, комбайншы болып тер төккен, қазіргі күні «Колесник» шаруа қожалығын басқарады екен.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық -демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы комитетінің төрайымы, генерал-майор Сәуле Айтпаева салтанатты іс-шараның құрметті қонағы болды. Ол 318 жылдан бері ұрпақтары теміржол саласында еренбей еңбек етіп келе жатқан Сүлейменовтер әулеті мен 112 жыл бойы халықтың денсаулығы үшін қызмет көрсетіп келе жатқан Ілиясовтар отбасыларын «Отбасылық әулет» аталымдарымен марапаттады.

Салтанатты кеште облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек те сөз сөйлеп, залға жиналған отбасыларға игі тілектерін арнады. Сонымен бірге түрлі ұлт өкілдерінен 8 бала асырап алып, тәрбиелеп отырған бурабайлық Қобылбаевтар отбасына «Мейірімділік», Кәрімовтер отбасына «Белсенді қатысқандары үшін» және жақында ғана отау құрған Тимур мен Алтынай Ысқақовтарға «Үздік жас отбасы» аталымдарын және ынталандыру сыйлықтарын табыстады.

Мерекелік кеш соңында облыстың талантты өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, күміс күйді күмбірлетіп, жиналғандарға жақсы көңіл-күй сыйлады.

Соңғы жаңалықтар