Көкшетауда Абайға арналған әдеби орталық ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай әдеби орталық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әдеби орталық Көкшетау қалалық кітапханасынан орын теуіп отыр. Бұл шығармашылық идеяның жүзеге асуына Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау білдірген.

Бөлім басшысы Айгүл Сәбитованың айтуынша, әдеби орталық жастардың Абайдың шығармашылығын зерттеп, насихаттауына септігін тигізбек.

Шара Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын» өлеңімен басталды. Оны ақын Мұхамед Қонқаев мәнерлеп оқып берді.


«Орталықтағы кітап көрмесі 3 бөлімінен тұрады. Бірінші бөлім «Абайдың дүниетанымы» деп аталады. Онда Абайдың балалық шағындағы әдеби кітаптар мен ұлы ғалымдардың ұлы сөздерін оқуға болады.

Ал екінші бөлімі «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп аталады. Яғни, Абайдың шығармалары мен шешендік сөздеріне арналған.

Үшінші - «Абай мұрасы мәңгілік» бөлімінде абайтанушылар мен зерттеушілердің ақын туралы жазған шығармаларымен және еңбектерімен танысуға болады», - дейді Айгүл Сәбитова.


Орталықтың ашылуына жергілікті зиялы қауым және қоғам қайраткерлері, Көкшетаудағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен абайтанушылар қатысты.

Шара жас ақындардың Абай шығармаларын мәнерлеп оқуымен аяқталды.











Соңғы жаңалықтар