Көкшетауда 52 жастағы ер адам суицид жасамақ болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 52 жастағы ер адам суицид жасамақ болды. Полиция қызметкерлері оны құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Келеңсіз жағдай ақпанның 28-де кешкі сағат 19:30-да тіркелді. Бұл туралы жедел «102» телефон нөміріне ақпарат түсті. Онда Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан ЖШС бірінің аумағында белгісіз ер адамның металл конструкияның төбесіне шығып, 10-15 метр биіктіктен секіруге оқталып жатқандығын айтқан», - дейді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл ақпарат Көкшетау қалалық ПБ барлық патрульдік полиция батальонына жеткізілді. Сол маңда жүрген полиция лейтенанты Аслан Есмағзамов пен полиция сержанты Әділ Аюповтың «Әскер - 5» экипажы дереу ер адамды құтқаруға барды. Мұнараның төбесінде тұрған оны сабырға шақырып, райынан қайтару үшін Аслан Есмағзамов те көтерілді. Тіпті, тәртіп сақшысы ер адамның туған бауырына телефон арқылы шықты. Осылайша, полиция қызметкері мен бауыры бірлесіп, ер адамды көндірді, ол жерге түсті.

«Ер адам ішімдік ішпеген. Оның мұндай қадамға баруына отбасылық мәселе итермелеген. Қазіргі кезде 52 жастағы ер адамның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, ол отбасымен бірге», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетейік, ағымдағы жылғы ақпанның 10-да Көкшетау қаласындағы теміржол вокзалының көпірінен тағы бір ер адам секірмек болған еді. Оны полиция сержанты Бақдаулет Көшкінбай құтқарып қалды.


Соңғы жаңалықтар