Көкшетауда 5-6 жыл бұрын орын алған аты шулы екі қылмыстың беті ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда 5-6 жыл бұрын орын алған аты шулы екі қылмыстың беті ашылды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Полицейлердің мәліметі бойынша қоғамның наразылығын тудырған екі қылмысты облыстық ІІД-нің Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері ашып отыр. Оның бірі 2010 жылдың тамызында Көкшетау қаласындағы лимонад цехының екі күзетшісін өлтіру болса, екіншісі  2009 жылдың қыркүйек айында орын алған «Сұнқар» аңшылық дүкенінен бірнеше қару ұрлау қылмысы болып отыр.

Еске сала кетсек,  2009 жылдың 17 қыркүйегінде Көкшетау қаласындағы «Сұнқар» аңшылық дүкенінің аумағына белгісіз бірнеше адам кіріп, терезе арқылы карабин, винтовка, пневматикалық пистолет, оқ-дәрі тәрізді бірнеше қару түрлер қолды қылған болатын. Сол кезде, аталған қылмысқа байланысты ҚР ҚК-нің 255-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Кейін араға тура бір жыл салып 2010 жылдың 2010 жылдың тамызында Көкшетау қаласындағы лимонад цехының екі күзетшісі өлтірілген болатын.  Онда күдіктілер «автоқалашық» шағын ауданында орналасқан лимонад цехының аумағына кіріп, екі күзетшіні атып өлтіріп,  600 000 теңге ақшаны қолды қылады.

Сараптама  барысында күзетшілердің «Сұнқар» аңшылық дүкенінен ұрланған қарудан атып өлтірілгені анықталады. Аталған оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 96-бабының 2-бөлімі бойынша (адам өлтіру) қылмыстық іс қозғалады.

Полицейлердің мәліметі бойынша қоғамның наразылығын тудырған екі қылмыстың беті  5-6 жыл өткен соң ғана ашылып отыр.

Биыл мамыр айында облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері белгісіз қарудан жасырын оқ атқан күдіктілерді қолға түсіреді. Күдіктілерді ұстау барысында олар тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетті. Осыған байланысты олардың үстінен ҚР ҚК-нің 380-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кейін тексеріс барысында күдіктілердің 2009 және 2010 жылдары орын алған қылмысқа қатысы бар екені дәлелденеді.

Қазіргі кезде 31 және 32 жастағы үш күдікті ұсталып, кінәсін мойындап отыр.

Соңғы жаңалықтар