Көкшетауда 40 отбасы жаңа пәтерлерінің кілтін алды

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Наурыз мерекесі күні Көкшетау қаласында 40 отбасына жаңа пәтерлерінің кілттері тапсырылды. Баспаналы болғандардың қатарында пәтер кезегінде тұрғандар мен әлеуметтік осал топтағы отбасылар бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданында салынған көпқабатты жаңа тұрғын үйден баспаналы болғандарды қала әкімі Бауыржан Ғайса қуаныштарымен құттықтады.

«Сарыарқа» шағын ауданы күннен-күнге көркейіп, зәулім үйлер көбейіп келетіндігі қуантады. Соның арқасында пәтер кезегін күткен жандардың мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгінгі Ұлыстың ұлы күні 40 отбасының баспана мәселесі шешіліп отыр. Тапсырылып отырған тұрғын үй жайлы, сапалы екені сөзсіз. Сіздердің шаңырақтарыңыздағы қуаныш – біздің де қуанышымыз!» - деді құттықтау сөзінде қала әкімі Бауыржан Ғайса.


Баспаналы болғандардың бірі – қала тұрғыны Салтанат Сәлімова. Ол осы сәтті асыға күтіп, енді қоныс тойын тойлауға дайындалып жатыр.

«Бүгінгі мереке біз үшін ерекше есте қаларлық қуанышты күн болды. Қуанышымызда шек жоқ. Жиһаз бен тұрмыстық техниканы әкелу қалды. Кең дәліз, үлкен жарық бөлмелер. Мереке күні қуанышымды еселей түскен қала басшылығына алғысым шексіз», - деп қуанышымен бөлісті жаңа баспана иесі.

Салтанатты шара барысында жиналғандарға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айта кетсек, Ақмолалықтар Наурыз мейрамын ерекше тойлап жатыр.


Соңғы жаңалықтар