Көкшетауда 20 дәрігер пәтерлі болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Медицина қызметкерлері күніне орай бір топ сала мамандарына жаңа пәтердің кілтін тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, ақ желеңді абзал жандардың халықтың денсаулығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріне жоғары баға берді.

«Жылына бір келетін осы мереке жалғыз дәрігерлер қауымының ғана емес, барша халықтың көңілінде де жақсы бір қуаныш сезімін туғызатындығы айқын. Бұл жолы да облыстың медицина қызметкерлері өз кәсіптік мерекелеріне үлкен жетістіктермен келіп отыр», - деді М.Мырзалин құттықтау сөзінде.

Салтанатты шарада медицина саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандар «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен және  «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Қ.Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің сарапшы дәрігері Сәуле Солтанбекова, жедел жәрдем стансасының қызметкері Ләйлә Айтжанова, Зеренді аудандық ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Жақыпова, Көкшетау қалалық емханасының бас дәрігері Ғалия Сабатаева Целиноград аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі Зәмзәгүл Ержановалар бар.
null

Сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен Бұланды аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ольга Бугай, Сандықтау аудандық ауруханасының анестезиолог-реанимотологы Владислав Зиновьев және бірқатар қалалық және аудандық ауруханалардың дәрігерлері марапатталды. Оған қоса баспанаға мұқтаж медицина саласының 20 қызметкері жаңа пәтердің кілтіне ие болды.

 Салтанатты жиын соңы жергілікті өнерпаздардың орындауындағы мерекелік концертке ұласты.

nullnullnull

Соңғы жаңалықтар