Көкшетауда 12-14 апталық шала туылған шақалақты 5-қабаттан лақтырып жіберген әйел анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда полицейлер 12-14 апталық шала туылған шақалақты 5-қабаттан лақтырып жіберген әйелді қолға түсірді.

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Жан түршігерлік оқиға жайында бүгін таңертең сағат 07:10 шамасында Көкшетау қалалық ІІБ кезекшілік бөліміне қала тұрғыны телефон арқылы хабарлаған. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері шақалақтың 5-қабаттан лақтырылғанын бірден анықтаған. Құқық қорғау қызметкерлерінің бірі осы қабаттағы терезелердің бірінің алдында тартылған кір жаятын жіпте қанды байқап қалған.

Пәтер ішін тінту барысында полицейлер аталған пәтерде Көкшетау қаласындағы кәсіпорындардың бірінде химик-лаборант болып жұмыс істейтін 1989 жылғы және 1987 жылғы дәмхана даяшысы тұратынын анықтады. Қалалық ІІБ жеткізілген екі қыз да бастапқыда оқиғаға еш қатысы жоқ деп ат-тонын ала қашқанымен кейін біреуі болған жайды баяндап берді. Оның айтуынша, ол сол күні түнде құрбысының үйінде қонған көрінеді. Түнгі сағат 03:00 кезінде оны кенет толғағы қысып, түсік тастаған. Сосын барып, түсігін киіміне орап, ойланбастан терезеден лақтырып жіберген.

Қазіргі кезде, соттық-медициналық сараптама жұмыстары қолға алынған. Оның шешімі бойынша процессуалдық шешім шығарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар