Көкшетауда 1 жасар сәбидің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында екпеден кейін көз жұмған сәбидің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметі бойынша, жақында сот-медициналық сараптаманың қорытындысы алынған.

«ҚР ҚК-нің 317-бабы 3-бөлігі (Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің өзінің кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамауы, абайсызда адам өліміне әкелуі) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеудің жүргізілуіне байланысты толық ақпарат жарияланбайды», - деп түсіндірді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Пинчук.

Еске сала кетейік, биыл наурыздың 5-інен 6-сына қараған түні Көкшетау қаласында 1 жасар қыз бала көз жұмған болатын. Оның 5 наурыз күні екпе алғаны анықталған еді. Алайда, дәрігерлер нәрестенің өліміне екпенің еш қатысы жоқтығын, оған «Аяқасты өлім синдромы» диагнозы қойылғанын айтқан болатын.

«Эпидемиологтар жоспарлы екпе жүргізілген емханада жоспардан тыс тексеріс жүргізуде. Сәбиге екпе тәртіпке сәйкес жүргізілген. Екпе салынардың алдында баланы дәрігер тексерген және екпеге қарсы ешқандай көрсеткіш анықталмаған. Әжесінің де жазбаша келісімі бар. Екпені білікті медбике салған және медициналық қадағалу жүргізілген. Нәтижесінде сәбиге екпенің ешқандай әсері болмаған»,- деген болатын Ақмола облысының Қоғамдық денсаулықты қорғау депараменті басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Мусина.

Оның айтуынша, вакцинаны сақтау мерзімінде де ешқандай заңбұзушылық болмаған.

«Екпе 2018 жылдан бері қолданыста, осы күні 2500 бала осы екпені алған және олардың бреуінде де асқыну болған жоқ. Бұл оқиғаның екпе егуге еш қатысы жоқ. Сәбидің нақтылы өлімі сот-медициналық сараптама нәтижесі белгілі болғаннан кейін хабарланады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар