Көкшетау жәрмеңкесінде азық-түлік арзан бағамен саудаланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда қаласындағы «Тәуелсіздік» алаңында арзан азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге Атбасар, Бурабай, Бұланды, Сандықтау аудандары және облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты.

Жəрмеңкеде ұсынылған азық-түлік бағасы қала базарлары және дүкендерімен салыстырғанда 15-20 пайыз арзанға сатылды. Сол себепті таңғы сағат тоғызда басталған жәрмеңкеде халықтың қарасы көп болды. Қала тұрғындары жұмыртқа, ет, сүт, картоп және ұн өнімдерін молынан сатып алды.
null null

Жәрмеңкеге аудандардан ат терлетіп келген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің арасында өткен жылдың соңында Атбасар ауданында іске қосылған «Атбасар майы» ЖШС өнімдері саудаға шығарылды.

«Аталмыш кәсіпорын Мемлекет басшысының Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде іске қосылып отыр. Зауыттың қуаты тәулігіне 6 тонна күнбағыс майын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорын өкілдері жәрмеңкеде күнбағыс майының литрі 350 теңгеден сатылды. Яғни, қала дүкендеріндегі күнбағыс майынан 15-20 пайыз арзан", дейді басқарманың баспасөз қызметі.

Жалпы, бұл жолы жәрмеңкеге барлығы 40-тан астам түрлі азық-түлік әкелінген. Олардың жалпы құны 42 миллион теңгені құрайды.

null null

Соңғы жаңалықтар