Көкшетау тұрғынының 109 шетелдік азаматты заңсыз тіркегені анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласының аумағында заңсыз көші-қон ұйымдастырылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қалалық Полиция басқармасының анықтау бөлімі Қылмыстық кодекстің 394-бабының 1-бөлігі «заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Шетел азаматтарының болу орындарын, сондай-ақ оларды тіркеу орындарын тексеру барысында Көкшетау қалалық Полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағында болу ережесін бұзу деректерін анықтады.

«Анықталғандай, 1973 жылы туған жергілікті тұрғын 109 шетелдік азаматты тіркеуге өз келісімін берген. Осы ретте, ол шетелдіктер тіркелген жерінде нақты тұрмайтындығын біле тұра, осындай заңбұзушылыққа барған. Осыған байланысты оның үстінен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Келу туралы міндеттеме түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды», - деді ведомстводан.

Осы ретте, Ақмола облысының полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын еске салады. Дәл сол іс-әрекеті қылмыстық топ жасайтын болса, онда кінәлілер үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында бизнеспен айналысқан 10 шенеунікке 636 мың теңгеден айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар