Көкшетау тұрғыны телефон арқылы ақша ұрлаған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау тұрғыны мобильді телефон арқылы ақша ұрлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің мәліметіне қарағанда, 5 ақпан күні Көкшетау ІІБ кезекші бөліміне бойжеткен алаяқтықтан зардап шеккенін айтып шағымданған. Ол өз киви-әмиянына аударған 50 мың теңгесін әлдекімдер ұрлағанын айтады.

«Материал жинау барысында жедел қызметкерлер бірнеше күн бұрын қыз Көкшетауда тұратын ер адамға телефон сатқанын анықтады. Мобильдік байланыс құралын сатпас бұрын ондағы бағдарламалар мен парольдер өшірілмеген, алаяқтар соны пайдаланған», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Іс бойынша 22 жастағы күдікті ұсталды. Полиция «Алаяқтық» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

«Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар. Бөтен біреуге құпия болуы тиіс ақпараттарды, құпиясөз, есеп-шоттардың нөмірлерін, банк карталарының деректерін беруші болмаңыздар. Ешқашан жеке куәліктің көшірмесін, түбіртек атаулыны ешкімге бермеңіздер, танымайтын адамға ақша аудармаңыздар», - дейді полицейлер жұртшылыққа.

Соңғы жаңалықтар