Көкшетау тауындағы өрт ауыздықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көкшетау биігінде тұтанған өрт ауыздықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сағат 11:13-те «Бурабай» МҰТП аумағындағы Көкшетау тауындағы өрт ауыздықталды. Өрттің алдын ала аумағы - 0,03 га (300 ш.м.) Өртті сөндіруге Ақмола облысы ТЖД жеке құрамының 200-ден астам және «Бурабай» МҰТП-ның 70 қызметкері жұмылдырылды. «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен 12 рет су ағызылды (36 тонна).

Өрттің таралу қаупі және зардап шеккендер жоқ», - делінген ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, бүгін таңертең Көкшетаудың 800 метр биіктігінде өрт тұтанып, оны сөндіруге тікұшақ шығарылғаны хабарланған.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таулардағы орман өртін сөндірудің маңызды ерекшеліктері мен бірқатар қиындықтары бар екенін жеткізді. Айталық, таулардағы орман өрттерімен күресу үшін жер қазу және топырақ өңдеу техникасын қолдану шектелген, ал тасты топырақтарда ол мүлдем мүмкін емес. Сонымен қатар, автоцистерналар мен өрт сөндіру мотопомпаларын пайдалануға да мүмкіндік болмайды. Сондықтан, өрт сөндірушілер аспалы бүріккіштерді, күрек, кетпен мен тырма сияқты қол құралдарын қолданады.


Видеодан алынған кадр




Соңғы жаңалықтар