«Көкшетау - тал бесігім» атты классикалық және халық музыкасының ІІ музыкалық фестивалі өтеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында сәуірдің 22-24 аралығында Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық филармониясында «Көкшетау - тал бесігім» атты классикалық және халық музыкасының ІІ музыкалық фестивалі өтеді. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасынан хабарлады.

Хабарламада облысы әкімі Қ.Қ.Айтмұхаметов пен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өтетін «Көкшетау - тал бесігім» атты классикалық және халық музыкасының ІІ музыкалық фестивальдің негізгі мақсаты Қазақстанның, оның ішінде өңіріміздің мәдени, музыкалық дәстүрлерінің озық үлгілерін насихаттау болып табылады. Оған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» кавалер орденінің иегері, танымал қазақстандық музыкант Абзал Мұхитдинов көркемдік жетекшілік ететіні айтылған.

Сондай-ақ, фестивальға Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева (сопрано), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Дәурен Ғылымов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин (баритон), Daniele Zanfardino (тенор) мен Maksemiliano Fichera (баритон) Италия, ресейлік байқаулардың лауреаты, Марий-Эл Республикасының Э.Сапаев атындағы мемлекеттік опера және балет театрының әншісі Валентина Дмитриенко (сопрано), Э.Сапаев атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солист-аспапшысы Андрей Поленов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев (баритон), Мәдениет қайраткері Дина Қабыкеева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова (сопрано), К.Қуанышбеков атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актері Жасұлан Ерболат, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің дирижері Руслан Баймурзин, Астана қаласының мемлекеттік филармониясының қазақ оркестрінің әртіс-аспапшысы Айкүнім Макеева (қыл қобыз), «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының хор әртісі Елтай Мұстанов, республикалық байқаулардың лауреаты Кенжегүл Мұсаева (прима-қобыз), Астана қаласының мемлекеттік филармониясының әртіс-аспапшысы Гумир Сейдаллин (флейта) мен Біржан Өтеулиев (скрипка) қатысатыны көрсетілген.

"Фестивальдың алғашқы күні, яғни сәуірдің 22 күні кешкі сағат 18:30-да Ақмола облыстық филармониясының музыкалық ұжымдары және дирижер Дәурен Ғылымовтың жетекшілік етуімен, К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің және танымал дирижер Абзал Мұхитдиновтың басқаруымен, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде Нұржамал Үсенбаеваның жеке концерті өтеді.

Ал 23 сәуірде көкшетаулықтар италиялық опера сахнасының шеберлері Daniele Zanfardino (тенор) мен Maksemiliano Fichera (баритон), сонымен бірге, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбаев, Жанат Шыбықбаев, Астана қаласының жас жұлдыздары Руслан Баймурзин (дирижер), Біржан Өтеулиевтердің (скрипка) қатысуымен өтетін гала-концертті тамашалай алады.

Фестивальдың соңғы күні сәуірдің 24 жұлдызында астаналық жұлдыздардың қатысуымен және дирижер «Мәдениет қайраткері» Тұрлыхожа Базаровтың жетекшілік етуімен. К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсының қойылымы болады.

Сонымен қатар, фестиваль аясында көптеген қосымша іс-шаралар жоспарлануда, танымал шетелдік музыканттардың қатысуымен өтетін шеберлік сыныптары және шығармашылық кездесулер, көрмелік жобалар мен баспасөз-конференциясы көрермендердің назарына ұсынылады», - деп хабарланған.

Соңғы жаңалықтар