«Көкшетау–Нұр-Сұлтан» тас жолы бойында бес тарихи тұлғаның ескерткіші орнатылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында «Көкшетау – Нұр-Сұлтан» тас жолы бойында бес тарихи тұлғаның ескерткіші орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетау қаласынан шыға берісте орын тепкен қазақ халқының ұлы тарихи тұлғалары Ақан сері, Біржан сал, Кенесары Хан, Үкілі Ыбырай және Балуан Шолақ ескерткіштері Көкшетау қаласының 195 жылдығы қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде орнатылған.

«Тарихтың шиыр-шиыр жолдарында, жылдардың аударылған парағында талай боздақтардың есімі бар. Ақмола облысының ғана емес, иісі қазақ жұртының мерейін көтеріп, рухын асқақтатқан айбынды да дарабоз ерлердің құрметіне төрт ауданды қамтитын «Көкшетау – Нұр-Сұлтан» тас жолы бойында, Көкшеге келе жатқан адамды сән-салтанатымен қарсы алатын 5 тұлғаның ескерткіші бой көтерді. Олар: Кенесары Хан, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ. Қасиетті Көкше топырағында тәрбие алған, өзінің саналы ғұмырын күреспен өткізген ерлер – халықтың жүрегінде. Ғасырлар ауысып, заман ауса да, елім деп еңіреген ерлердің аттары ұмытылмақ емес. Салқар көштің басын бастаған, жаңа туған шолпандай бағыт-бағдар берген ұлттың көш бастаушылары ескеріліп-еленсе, демек, тұтас елдің мерейі үстем, еңсесі биік», - дейді «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсенің басшысы Қайрат Сейтқазин.





Соңғы жаңалықтар