Көкшетау мен Петропавлдың жас ақындары арасында айтыс өткізілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде облыс орталығы мен Петропавл қаласының жас ақындары арасында айтыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есіл мен Көкше - əн мен жырдың мекені» тақырыбымен Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шарада жас ақындар «мүшәйра» және «айтыс» аталымдары бойынша бақ сынады.

«Осыған дейін Петропавл қаласында М.Жұмабаевтың 125 жылдығына орай, өңірлік айтыс өтіп, онда Көкшетаудағы Көкен Шәкеев атындағы жас ақындар мектебінің тәрбиеленушісі Думан Самат гран-при жүлдесін жеңіп алған болатын. Ал, Абзал Жұмабек жүлделі 3-ші орын алды. Оларды Мұхамед Қонқаев тәрбиелейді», - деп атап өтті Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегілер.

Жеңімпаздарды «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Еркін Исімбаев құттықтады. Қазылар алқасының құрамында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессорлары, шығармашылық интеллигенция өкілдері болды.

«Мүшәйра» аталымы бойынша Көкен Шәкеев атындағы жас ақындар мектебінің тәрбиеленушісі Жансая Жұмабекова, «айтыс» аталымы бойынша петропавлдық Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебінің оқушысы Дәулет Құрмаш жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар