Көкшетау қалалық мешітіне Жақия қажы атауы берілді (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда бұрынғы Науан Хазірет атындағы қалалық мешітке Жақия қажы атауы берілді.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Көкшетау қаласында 1200 келушіге арналған жаңа мешіт пайдалануға берілген болатын. Сол себепті, қала тұрғындары мен жергілікті мұсылмандардың рухани және діни орталығы саналатын жаңа мешітке Науан Хазірет атауы беріліп, бұрынғы ескі мешіт атаусыз қалған еді.
Бүгін Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Серікбай Сатыбалдыұлы аталған мешітке Жақия қажы атауын беру салтанатына қатысты.

Жақия қажы Бейсембайұлы 1932 жылы Омбы облысының Любин ауданына қарасты қазақ ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан имани жолды таңдап, 1959 жылы Өзбекстанның Бұхара қаласындағы «Мир-араб» медресесіне оқуға түсті. Осы білім ордасында он жыл оқыған Жақия Бейсембайұлы оны үздік бітіріп шығады. Сол кездегі Өзбекстанның бас мүфтиі Бабахан Ишаннан тәлім алған ол өзінің бала күніндегі Алла тағала жайлы сырларына одан сайын қаныға түскен еді. Кейін Алматы қаласының бас имамы болып, дінді насихаттап, адамдарды Алланың жолына салды.

Ал араға бірер жыл салып Сирияға сапар шекті. Дамаск Ислам университетінде «Шариһат» факультетінде оқып, онда да өзінің білімдар шәкірт екенін танытты. Қызылдар өкіметінің айы аспандап тұрған кезінде бұлай шетел асып, дін білімін алу дегенің екінің бірінің тағдырына бұйыра бермейтін бақ еді. Жақия Бейсембайұлы сол бақыттың өзіне оңайлықпен келмегенін де білді. Себебі, осы беделді білім ордасын тәмамдағаннан кейін Қазақстан мұсылмандары қазиятын басқаруға мүмкіндік алды. Қазақтың ата-бабаларынан ұстанып келе жатқан дінін жаңа көкжиекке көтеруге атсалысты. Имандылықтан алшақтап бара жатқан ұрпағын арашалап қалудың қамына ден қойды.

2 3 4 5 6 8 9

Соңғы жаңалықтар