Көкшетау іргесіндегі ауыл тұрғындарына жылжымалы медициналық кешен көмек көрсетуде

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қарттар айлығы аясында Көкшетау қаласына қарасты Краснояр кентіндегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы дәрігерлері акция өткізді. Оның барысында кенттің шеткі аудандарындағы тұрғындар жылжымалы медициналық кешенде медициналық тексеруден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш орталықтың аға медбикесі Гүлнар Бөкешованың айтуынша, кейбір науқастардың медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің көмегіне уақтылы жүгінуге мүмкіндігі бола бермейді. Әсіресе, жергілікті өндіріс орындары мен мекемелердің қызметкерлерінің жұмыстан қолы босамайды. Сол себепті, жылжымалы кешен тұрғындарға өздері шығып отыр.

«Жылжымалы медициналық кешенде бізде тексеруге барлық жағдай жасалған. Біз Краснояр ауылындағы шұжық цехына бардық, онда көптеген қызметкерлер ауысыммен жұмыс істейді және емханаға барып, дәрігерге қаралуына уақыттары жоқ. Сонымен бірге, елді мекен аумағында жүріп-тұруға мүмкіндігі жоқ қарт науқастар да бар. Мәселен, Нұрлы көш ауылында өзінің фельшерлік акушерлік пунті болса, біз акция аясында оған баруды жөн деп шештік», - деп атап өтті Гүлнар Бөкешова.

Краснояр кентіндегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы директорының орынбасары Әсел Сепенова атап өткендей, тұрғындар терапевт, кардиолог, окулист, стоматолог, гинеколог мамандардан кеңес ала алды. Бұдан бөлек, ЭКГ және УДЗ өтті. Сонымен бірге, жылжымалы медициналық кешенде тұмауға немесе COVID-ке қарсы екпе салынды.

Емханалық бақылау кеңесінің төрағасы Базарбай Әбуов пен Қоғамдық кеңестің мүшесі Александр Ежов өңірдің денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық-санитарлық көмек орталығының басшылығына акция үшін шынайы алғысын білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында көпсалалы ауруханаларды ашу туралы міндеттерді алға қойған болатын. Бүгінде біздің жергілікті емханаларда қажетті мамандар бар. Олар халыққа қызмет көрсетуде», - дейді Александр Ежов.

Осы ретте, кәсіпорын қызметкерлері де дәрігерлердің келуіне қуанып отыр.

«Адам баласы үшін ең маңызды нәрсе – ол денсаулық. Ал кәсіпорын жұмысшыларының уақытылы дәрігерге барып, көрініп тұруларына үнемі мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан бізге осындай кешеннің келуі маңызды. Жылына кемінде бір рет келіп тұрса, тамаша болар еді», - деп қуанышымен бөлісті ауыл тұрғыны Наталья Данилева.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында дәрігер тапшылығы қалай шешіліп жатқандығы жазған едік.


Соңғы жаңалықтар