Көкшетау элеваторында болған жұмысшы өлімінің мән-жайы анықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмолада рапс күнжарасын өткізуге арналған шұңқырға құлап, тұншығып көз жұмған слесарьдің өліміне қатысты арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың еңбекті қорғау және қауіпсіздікті бақылау бөлімінің басшысы Жылқайдар Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күннің ылғалды болуынан элеватордағы күнжара қатпарланып, шұңқырдан өтпей тұрып қалған. Оны итеру үшін слесарь жоғары шыққан. Алайда, ол бұлай істемеуі керек еді. Оның салмағынан қатпар опырылып, ер адам шұңқырға құлап кеткен», - деп түсіндірді Жылқайдар Бейсембаев.

Оның сөзінше, сол кезде слесарьдің жанында ешкім болмаған. Көмек келгенше ер адам күнжараға көміліп, тұншығып қалған.

«Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылып, қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр», - деп толықтырды Ж.Бейсембаев.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Көкшетау қаласының 31 жастағы тұрғыны, жергілікті ЖШС слесарі шұңқырға құлап, көз жұмған еді. Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 156-бабының 3-бөлігі (еңбекті қорғау ережесінің бұзылуы) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар