Көкшетау аялдамаларына QR-кодтары бар стендттер орнатыла бастады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат -  Көкшетау аялдамаларына QR-кодтары бар стендтер орнатыла бастады. Енді қала тұрғындары автобус күтіп тұрып, мәдени нысандар, соның ішінде кітапханаға келіп түскен жаңа кітаптар жөнінде ақпарат ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин аймақ орталығындағы бірқатар өндірістік, мәдени-әлеуметтік нысандарды аралап, қазіргі жағдайымен және атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Облыс басшысы алдымен өнер жəне әдебиет мұражайында болды. 1903 жылы іргесі қаланған ғимарат осы күні күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Мұражай қорында 9 мыңнан астам жəдігер сақтаулы. Соңғы кездері қор тағы 400 жəдігермен толықты. Мұражай сөрелерінен Қанай би, Ақан сері, Біржан сал, Сəкен Жүнісов сияқты танымал тарихи тұлғалардың киім-кешектері мен музыкалық аспаптарын, қолжазбалары мен күнделікті өмірде қолданған тұрмыстық заттарын көруге болады. Сондай-ақ мұражай жанында шығармашыл жастардың «Жас тұлпар» клубы жұмыс істейді. Мұражай жұмысымен танысқан облыс әкімі қала және облыстық мәдениет басқармасының басшылығына ғимаратты жөндеу жұмыстарын ойластыруды тапсырды.

Бұдан кейін облыс басшысы Ауған соғысы ардагерлерінің аллеясына ат басын тіреді. Ескерткіш 2003 жылдың 12 желтоқсанында орнатылған. Ескерткіш авторы - ауған соғысының ардагері В.Колодочкин. Ескерткіш тақтаға 1979-1989 жылдары Ауғанстанда қаза болған 89 жауынгердің аты-жөндері қазақ және орыс тілдерінде қашап жазылған. Облыс басшысы қаланың көрікті жеріне орналасқан ардагерлер ескерткіші аумағын абаттандыру жайына назар аударды.

Қазіргі күні облыс орталығындағы 16 автобус аялдамасына QR-кодтары бар қабырға-тақталар орнатылған. QR-кодтарды смартфондарға сканерлеу арқылы қаладағы мекемелерге қатысты мәліметтерді алуға болады. Атап айқанда, кiтапханалардың байланыс телефондары, кiтап қоры, қалалық «Достар» мәдениет үйiндегi клубтық құрылымдар, шығармашылық үйiрмелер, мемлекеттiк, ағылшын тiлдерiн үйрететін тегiн курстар туралы мәліметтер қолжетімді. Тұрғындар тарапынан аталмыш жоба қолдауын тауып, сұранысқа ие болып жатса, QR-кодтар қоғамдық орындарға да орнатылатын болады.

Қала тұрғындары мен мекемелерді жылумен қамтамасыз етіп отырған №2 ауданаралық жылу қазандығында болған өңір басшысы көмір қоры, жұмыс істеу режимі туралы сұрастырып, қыстың ең ауыр уақыты артта қалса да, суық күндер әлі де болатындығын атап өтті.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ас суы және алкогольді ішімдіктер шығарумен айналысатын «Натур-Продукт» ЖШС,  кондитерлік бұйымдар шығаратын «ТауКон» ЖШС жəне жиһаз құрастыратын «Два Кита» ЖШС жұмыстарымен танысты.

Фото: kommersant.uz

Соңғы жаңалықтар