Көкпекті ауданында 14 әлеуметтік нысан бой көтермек - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында 14 әлеуметтік нысан салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Көкпекті ауданының әкімі Серікқазы Сәдуақасовтың халық алдында жасаған баяндамасын тыңдады.

Жиынға қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты аудан тұрғындары онлайн форматта қатысты.

Бірнеше жыл бойы аудан көлемінде шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі Тассай ауылына кіреберіс жол болған болатын.

Өткен жылы «Өңірлерді дамыту 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Көкпекті ауылының көшелері де жөнделді.

Жалпы қазіргі уақытта Көкпекті ауданында 14 жоба іске асырылуда.

«Былтыр облыс әкімінің бастамасымен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үй салу бағдарламасы біздің ауданымызда да сәтті жүзеге асырылды. 20 екіпәтерлі жеке тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталды. Олар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға кезекпен табыс етілді. 2020 жылы аудан бойынша 10 159 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш 2,7 есеге өсіп отыр», - деді Серікқазы Сәдуақасов.


Биыл Самар ауылында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 10 екіпәтерлі жеке тұрғын үй бой көтереді.

Сондай-ақ аталған ауылда орналасқан 5 қабатты 60 пәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізіледі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Көкпекті ауданын таза ауызсумен қамту 18 пайызға өсті.

Бүгінгі таңда 35 елді мекенде ауызсу тартылған. Бұл жалпы ауылдардың 70%-ы.

«Көкпекті ауданында былтыр ауқымды жұмыстар атқарылды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші жоғары. Жол құрылысы да оң шешімін тауып келеді. Биыл жол жөндеуге 160 млн теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар Самар ауылында жаңа спорт кешені салынады. Жалпы 2021 жылы облыс бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 22,4 млрд теңге игеріледі. 14 әлеуметтік сала, 33 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандары салынады», - деп қорытындылады аймақ басшысы Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар