Көкпарды әйгілеу үшін бір мәмілеге келуіміз керек - моңғолиялық маман

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көкпар ойынына қатысты Моңғолия көкпаршыларының позициясы қандай? Жалпы, Моңғолиядағы көкпар ойынына қалай дамып келеді? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Моңғолия көкпар, аударыспақ және теңге ілу федерациясының төрағасы Ром Әуесхан айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкпар ойынын қазіргі уақытта бір мемлекетке ғана тән деп айта алмаймыз. Мысалы, өзбек ағайындар улак тартыш деп атаса, Ауғанстанда көкпарды бузкаши, қазақтар көкпар, қырғыздар көкбөрі дейді. Бұл спортты бәріміз негізді түрде дамыту үшін бір мәмілеге келуіміз керек. Біздің негізгі мақсатымыз - ата-бабадан мирас болып қалған, ер азаматтың білегі мен білігін сынайтын ойынды таныту үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару. Осылайша, көкпарды әлемге әйгілеу», - дейді Ром Әуесхан.

Моңғолия көкпар, аударыспақ және теңге ілу федерациясы төрағасының айтуынша, әрбір мемлекеттің көкпарға қатысты өз позициясы бар.

«Мысалы, біздің Моңғолияда көкпар ойынының 300-ге тарта мүшесі бар. Көкпарсүйер қауым баршылық. Көкпар ойынына қатысты пікірталастар бізге де мәлім. Осы Астанадағы жиынға Моңғолиядағы көкпар федерациясының президенті ретінде Моңғолиядағы көкпаршылардың ұстанымын жеткізгелі келіп отырмын. Тоқ етерін айтсақ, қазандықты қойып, көкпарды шеңберге ойнасақ, бұл қадамымыз көкпардың дамуына сай келеді. Шеңбердегі мәселені қараңыз: қазандықпен 15-20 жыл бойы көкпаршылар ойнап келеді. Қазандықпен ойнағанда қандай нәтижеге қол жеткізілгенін көре алмадық. Енді қазандықсыз ойнап, көкпарды қандай деңгейге жеткізе алатынымызды көруіміз керек. Егер ол да жарамай жатса, қандай да өзгерісті енгізуге болады. Оған келгенде әрбір мемлекеттің өз ұсынысы дайын», - дейді ол.

Ром Әуесханның айтуынша, көкпар ойынының маңайында жүрген мемлекеттердің бәрі шеңберге ойнау керектігін алға тартып отыр. Өйткені, тараптардың бәрі де қазандыққа ойнағанда атқа да, адамға да қандай қауіп туындайтынын біледі.

«Үлкен жылдамдықпен жүйткіп келе жатып, қазандыққа соғылған адам да, ат та өміріне қауіп төндірерлік жарақат алуы мүмкін. Сол себепті, түпкі мақсат - көкпарды қауіпсіз ойнау. Біз білеміз, кезінде Кеңес Одағының 9 дүркін чемпионы Әуелхан Дауылбаевтардың тұсында көкпарды көкпаршылар қақпаға ойнаған. Яғни, серкені ұстаған күйде қақпадан өтеді - бітті ол салым деп есептеліп келген. Кеңес үкіметі кезінде де көкпардың даму процесі жүріп жатқан», - дейді Моңғолия көкпар, аударыспақ және теңге ілу федерациясының төрағаы Ром Әуесхан.
Сонымен бірге ол өз сөзінде Моңғолияда көкпар ойыны қалай дамып келе жатқанын айтып өтті.

«Негізі Моңғолияда көкпарды қазақтар ойнайды. Моңғолияда 120 мыңдай қазақ бармыз. Көкпаршыларымыздың бәрі де бала кезде бәйгеге қатысып жүрген сақа жігіттер. Моңғолдар да кезінде көкпар ойнаған. Өмірдің ағымына байланысты бұл ойын қалыс қалып қалған. Ал қазір көршілес аймақтар да көкпарға қызығушылық артып келеді. Баян Өлгей аймағында 12 сұұмын бар. Осылардың 7-8 сұұмындардың жігіттері көкпар тартады. Қазіргі уақытта командалық сайыстарды жиі өткізуге тырысып жатырмыз. Баян Өлгейде оқу-жаттығу жиындарына жиылу оңай болмаса да, біз жылына кем дегенде бір-екі рет өз чемпионаттарымызды өткізіп келеміз», - дейді Ром Әуесхан.

Еске сала кетсек, екі күн бұрын Астанада әлемнің 10 елінің Ұлттық спорт федерация басшыларының қатысуымен Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесінде көкпардың халықаралық ережесі бекітілген болатын. «Көкпар» федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков айтып бергендей көкпар ойындарында бұдан былай қазандық болмайды.

«Жаңа ереже бойынша қазандық алынып тасталды, оның орнына шеңбер қойылады. Сонымен бірге, көкпаршылар тірі серкемен ойнап шауып жүрген. Халықаралық жан-жануарлар әлемін қорғау ұйымдарының қағидаларына қайшы келмес үшін муляжбен ойнайтын боламыз. Көкпар ойнайтын алаңның ұзындығы - 200-220 метр, ені 65-70 метр болып бекітіліп отыр. Көкпарды жасөспірімдер, жастар және ересектер ойнайды. Сол себепті, жас санатына қарай алаңның да ұзындығы әртүрлі болады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар