Көкпардан Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасы қарсыласын ойсырата жеңді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық ат спортынан өтіп жатқан І Азия чемпионатында қазақстандық көкпаршылар қарсыластарын 10:3 есебімен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мәлім еткендей, жарыстың екінші күні алғашқы болып көкпар додасын Қытай мен Моңғолия командалары бастады. Бұл екі команда да кеше қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанған еді.

Алайда, бүгін Моңғолия командасы аспан астынан келген көкпаршыларды 5:3 есебімен ұтып, жарысты ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.

Ал, бүгінгі күнге белгіленген Тәжікстан мен Ресей командалары арасындағы ойын өтпей қалды. Оған себеп, Тәжікстан командасындағы спортшылардың жас ерекшелігі ережеге сай келмегендіктен жарыс алаңына жіберілген жоқ. Сол себепті Ресей құрамасы сайысқа түспей-ақ, жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Көкпаршылар сайысының бүгінгі қорытындысын Қазақстан мен Ауғанстан ойыншылары түйіндеді. Жанкүйерлер бұл ойынды асыға күткені анық еді.

«Б» тобында жұпсыз болғандықтан, кешегі күні ойыннан тыс болған ауғанстандықтар чемпионаттағы ойынын бүгін ғана бастаған болатын. Ауғанстан көкпаршыларының алғашқы кездегі ойындары сәтті басталып, екінші нөмірлі ойыншы Пахлаван Сефаттулла мен жетінші нөмірлі ойыншы Карими Масуд кездесудің сегізінші, тоғызыншы минуттарында едел-жедел екі салым салып, бапкерлерінің көңілін бір көтеріп тастады. Тіпті, ойынның бірінші кезеңіндегі есеп - 4:2 болды. Бірақ, содан кейінгі уақыттарда олардың екпіндерін жерлестеріміз су сепкендей басты.

Біздің жас көкпаршылар екінші кезеңде қарсыластарына жалғыз салым салуға ғана мүмкіндік берді. Сөйтіп, бұл кездесу 10:3 есебімен қазақстандық жас көкпаршылардың айқын басымдылығымен аяқталды.

Жастар жылына орай ұйымдастырылып жатқан біріншіліктің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды. Чемпионатты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырып жатыр. Аталған додаға Азияның 10 елінен спортшылар қатысуда. Олар көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бақ сынайды. Жарыс 21 сәуір күні өз мәресіне жетеді.

Айта кетейік, кеше жарыстың алғашқы күнгі нәтижесін берген болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар