Көкпардан Азия чемпионаты: Алғашқы күннің жеңімпаздары анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ұлттық ат спортынан алауы тұтанған І Азия чемпионатының бірінші жарыс күні аяқталды. Нәтижесінде көкпардан үш команда алғашқы жеңістеріне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығынан мәлім еткендей, бүгін «А» тобынан Монғолия мен Қытай командалары, ал «Б» тобынан Қазақстан командасы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Атап айтқанда, Моңғолия құрамасы Тәжікстаннан келген қарсыластарымен сынға түсіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Екінші болып алаңға Қытай мен Ресей құрамалары шықты. Нәтижесінде қытайлық ойыншылар қарсыластарын 10:1 есебімен ойсырата ұтып, жартылай финалға ірі есеппен өтті.

Бүгінгі көкпаршылар сайысын соңғы болып Қазақстан мен Өзбекстанның жастар құрамалары түйіндеді. Сайыс алғашқы сәттерден бастап тартысты өрбіді. Қазақстан командасының капитаны Құрманбек Тұрғанбек ойынның алғашқы 8-секундында есеп ашты. Ойын 13:2 есебімен жерлестеріміздің айқын жеңісімен аяқталды.

Айта кетейік, Жастар жылына орай ұйымдастырылып жатқан біріншіліктің жалпы жүлде қоры 16 миллион теңгені құрайды. Чемпионатты Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырып жатыр.

Аталған додаға Азияның 10 елінен спортшылар қатысуда. Олар көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бақ сынайды.

Жарыс 21 сәуір күні өз мәресіне жетеді.

Соңғы жаңалықтар