Көкөнісі үсіп кеткен түркістандық шаруаларға көмек көрсетіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатты аязда тонналаған өнімі үсіп кеткен Түркістан облысы шаруаларының жағдайы не болмақ? Мәселенің мән-жайын өңір әкімі Дархан Сатыбалды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы күндері күн қатты суытып кетті, оңтүстік өңірлерде соңғы 50 жылда мұндай төмен температура болмаған. Өңірде көмірге сұраныс еселеп артты. Суықтан 43 гектар көлеміндегі жылыжайға залал келді. Анықталғандай, 33 гектарды құрайтын жылыжай тиісті құжатсыз, өз бетінше жұмыс істеп тұрған және онда өнім болмаған. Яғни жылыжай бос болған», - деді Дархан Сатыбалды Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Әкім берген мәліметке сәйкес 3,7 га жерге қияр, қызанақ және құлпынай көшеті отырғызылды.

«Біз жылыжай иелерімен сөйлестік. Кімде кредит бар, төлеу мерзімін шегерткіміз келіп отыр. Құжаты жоқ жылыжай иелеріне де қол ұшын созбақпыз. Жалпы зардап шеккен жылыжайлардың басты проблемасы - жылу тапшылығы. Қазандық істен шығып, су құбыры қатып қалған, салдарынан көшеттер үсіп кетті», - дейді өңір басшысы.

Айта кетсек, бұған дейін БАҚ беттерінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы жылыжайларда ондаған тонна көкөністің үсіп кеткені жазылған еді.


Соңғы жаңалықтар